АҚШ билігі қолдаған Сәуле Омарова мектепті алтын белгіге бітірген жалғыз оқушы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Сәуле Омарова Орал қаласында дүниеге келген. 1984 жылы №21 орта мектепті үздік аяқтаған. Мектеп директоры, тіпті, оның сол жылдары білім қабырғасынан шыққан түлектер арасында алтын белгімен аяқтаған жалғыз оқушы екендігін де айтты.

Мұрағатты ақтара отырып, оның есепке қатысты пәндерді өте жақсы оқығанын білдік. Математика, алгебра, геометрия, физика, химия, биология пәндерінен түрлі олимпиадаға қатысқан,

дейді №21 мектеп директоры Лаура Шаркөбенова.

Оқушы қыз үлгеріміне сай комсомол қатарына қабылданған. Өйткені Кеңес Одағы тұсындағы жүйе осындай еді. Анасы ауруханада әдіскер қызметін атқарса, әкесі жайлы ақпарат жоқ. Сәуле мектеп бітірісімен Мәскеудегі мемлекеттік университетке оқуға түседі.

"Қазір оның Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағында (ВЛКСМ) мүше болғандығын айтып айыптап жатыр ғой. Бірақ ол заманда жүйе сондай болды емес пе. Үздік оқушылар міндетті түрде комсомол қатарына өтетін. 7 сыныпты бітіргеннен кейін арнайы емтихан тапсыратын, қатарға өткен кезде барлығының көзінше мақтап, төсбелгі тағатын", — дейді мектеп директоры.

Сыныптастары да Сәуле Омарованың бала кезде белсенді, ақылды, білімді қыз болғандығын айтуда.

Мен айға жуық 10 сыныпта Сәулемен бір сыныпта оқыдым. Сол кезде оның білімі өте жоғары екендігін байқағанмын. Сыныбымызда қыздар көп болды ғой. Бірақ Сәуленің орны ерекше еді. Ол арамыздағы алтын белгімен мектепті аяқтаған жалғыз оқушы,

дейді сыныптасы Виталий Мазуренко.

Сәуле Омарова, сондай-ақ, көркемсурет мектебінде де білім алған. Аталмыш мектепте таныстығы достық қарым-қатынасқа ұласқан құрбыларының бірі Анна Панищева.

"Мектепте оқыған кезде қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Білімді, ақылды қыз еді. Алдына қойған арман-мақсатына жетуге ұмтылатын. Кез-келген іске жауапкершілікпен қарайтын. Тапсырманы жан-жақты зерттеп, сараптама жасауға тырысатын. Біреудің ала жібін аттаған емес. Шыншыл, таза қыз
", -дейді Анна Панищева.

Қазақстанның тумасы Мәскеудегі оқуын аяқтағаннан кейін АҚШ-қа көшті. Бүгінде жоғары лауазымға ұсынылған Сәуле жайлы сыныптастары тек жақсы естеліктер айтуда. Тіпті АҚШ сенатының айыбы орынсыз, дейді.

"Өткен аптада сенаторлардың бірі Сәуленің дипломдық жұмысын сұратыпты. Бұл өте қиын талап қой. Біздің заманымызда дипломдық жұмысты қолмен жазатын. Әрі жалғыз дана болып сақталатын. Ал машинкада басу үшін әр бетіне 3 рубль төлеу керек. 100 беттік жұмыс үшін ондай ақшаны қайдан табамыз. Сондықтан дипломдық жұмысты сұрату орынсыз деп ойлаймын", — дейді сыныптасы Анна Панищева.

Еске салайық, бұған дейін Сәуле Омарованы банк лоббистері 26 жыл бұрын АҚШ-тағы дүкендердің бірінде ұрлық жасау кезінде ұсталғандығын айтып айыптаған болатын. Қазақстандық келіншек ол кезде төрт жұп аяқ киім, 2 иіс су, 2 белбеу мен шұлық ұрлап, Висконсин дүкеніне 214 доллар шығын келтірген еді.

Кейін Қазақстанның тумасы, Корнель университетінің банк құқығы профессоры Сәуле Омарова сенат алдында ақталған болатын.

Артынша Ақ үй Сәуле Омарованың өткен өміріндегі "ұрлық жасау" дерегіне қарамастан, оны қолдайтынын мәлімдеді.