"Қазақстан үкіметі елде еркін, әділетті әрі ашық сайлау өткізуге заңдық негіз қалау және сайлаулардың заң шеңберінде өткізілуіне жағдай жасау тұрғысындағы міндеттемелерін орындау жөнінен өз халқының алдында жауапкершілік жүктейді",- деді Д.Дэвидсон.
АҚШ өкілі орынбасарының мәлімдеуінше, оның елі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің парламентте қаралып жатқан сайлау туралы заңға өзгерістер енгізуе бағытталған талпыныстарын қолдайды. Д.Дэвидсонның пікірінше, адал әрі әділетті дауыс беру процессін қамтамасыз ететін жаңа сайлау заңын қабылдау республика үшін демократияландыру жолындағы маңызды қадам болумен бірге, Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауы жөніндегі мәселенің оң шешім табуына түрткі болмақ.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің төрағасы Антон Рупниктің баяндамасына сүйенген Д.Дэвидсон Қазақстанның кейінгі кездері "сенім мен үмітті үкілейтін" қадамдар жасай бастағанын атап өтті. Атап айтсақ, ол "Қазақстан үкіметі пенитенциарлық жүйені әділет министрлігіне беру жөнінде ұйым тарапынан қолдау тапқан маңызды қадам жасағаны" жөніндегі хабарламаны сенім ұялатарлық деп атады. "Журналист Сергей Дувановқа қатысты істі ашық қылмыстық процесс режиміне көшіру де беталысы дұрыс қадам",- деді Д.Дэвидсон.