"Біз Ирактағы көп ұлтты күштер коалициясына мүше елдердің жауынгерлеріне үлкен ризашылығымызды, жүрекжарды алғысымызды білдіреміз. Сіздердің үлестеріңіз бен өзін құрбан етуден тайынбайтын риясыз пиғылдарыңызды жоғары бағалаймыз",- делінген хатта. Хатқа қол қойғандардың арасында өкілдер палатасының республикандықтардан құралған көпшілігінің жетекшісі Том Делэй, көпшіліктің "қамшысы" атанған Рой Блант, халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы Генри Хайд, қарулы күштер ісі жөніндегі комитет төрағасы Данкан Хантер, энергетика жөніндегі комитет төрағасы Джо Бартондар бар.
Хатта атап көрсетілгеніндей, "2001-жылғы 11-қыркүйектен кейін әлем елдері өз еркімен коалицияға бірікті. Баршамыз бірлесіп лаңкестікке қарсы Ғаламдық соғыс қаупі мен жеңіс алдында тұрмыз. Еріктілер коалициясы бостандықта өмір сүргісі келетіндер үшін әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға талпынып отыр. Президент Буштың сөзімен айтсақ, бостандық қорғау ісінде "біз былқылдақтық пен сәтсіздікке жол бермейміз".
АҚШ заң шығарушылары сондай-ақ былай деп мәлімдейді: "Сіздермен бірге болу біз үшін үлкен абырой. Бізден қашан да қолдау күте аласыздар. Біз сіздерге сенеміз және сіздер үшін дұға оқимыз. Біздің бұл жолдауымызды Иракта әскери борышын өтеп жүрген әскерлерге жаппай жеткізулеріңізді сұраймыз".
Ирактағы ахуалды тұрақтандыруға атсалысқан Қазақстан бұл елге "Қазбат" бітімгершілік батальоны құрамынан 27 әскери инженерден құралған арнаулы контингент жіберді. 2003-жылдың тамыз айынан бері қазақстандықтар 2,7 млн. жарлығыш заттарды, соның ішінде миналар мен жарылмай қалған артиллериялық снарядтарды жойды. Бұған дейін Қазақстан 2001-жылы Ауғанстандағы тәлібтер режимін құлатуға бағытталған халықаралық коалицияның талпыныстарын қолдап, коалиция ұшақтарының республика аумағы арқылы ұшып өтуіне және олардың Алматы әуежайында қонуына құқық берген.