АҚШ күрд жасақтарына көмек беруде


Негізінен этникалық күрдтер тұратын Түркиямен шекаралас аймақтағы Кобани қаласының жартысына жуығы әлі "Ислам мемлекеті" ұйымының бақылауында. Қалада кескілескен ұрыстың жүріп жатқанына бір айдан асты. Қаза тапқандар мыңдап саналады. Бейбіт тұрғындар түгелге жуық Түркияға бас сауғалаған. Ал күрд жасақтарына бүгін АҚШ билігі қару-жарақ пен гуманитарлық көмек жеткізді. Бірақ бұған Түркия үзілді-кесілді қарсы. Өйткені Анкара күрд жасақтарының қолына түскен қару кейін Түркия аумағына өтеді деп қауіптенеді. Оның үстіне, Күрдістан жұмысшы партиясы Түркияда талай жылдардан бері лаңкестің ұйым санатында. Қазір Анкара іргесінде жүріп жатқан соғысқа байланысты Сириямен шекаралас аумаққа әскери техникасы мен артиллериясын жұмылдыруда.