АҚШ пен Қазақстан энергетика және халықты жаппай қырып-жоюға арналған қаруды таратпау саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге мүдделі

АҚШ-тың энергетика министрі әрі Қазақстан-АҚШ аралық энергетика саласындағы ынтымақтыстық жөніндегі арнаулы комиссияның тең төрағасы болып табылатын Спенсер Абрахаммен кездесуде екі ел арасында мұнай және газ өндіру және тасымалдау, мұнайгаз индустриясы нысандарын қорғау, электр қуаты мен бейбіт мақсаттағы атом энергиясын өндіру салаларындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.

В.Школьниктің айтуынша, тараптар электр қуатын өндіру саласындағы ынтымақтастыққа артықша қолайлы жағдай жасауға табанды ниет білдіріп, комиссияның кезекті отырысын Қазақстанда өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің айтуынша, 2015-жылға дейін есептелген Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен бағдарламаны жүзеге асыру да ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізбек. В.Школьниктің пікірінше, технологиялық жоғары деңгейге көтерілген американдық компаниялар Каспийдің солтүстік бөлігіндегі қолайсыз экологиялық ахуалда жұмыс істей алатындықтан болашағы бар блоктарды игеруде халықаралық компаниялармен сенімді бәсекелесе алады. Бағдарлама бойынша 2015-жылы Қазақстан Каспий теңізінде жылына 100 млн. тоннаға дейін мұнай және газ конденсатын (жалпы ел көлемінде 170 млн. тонна) өндіруді жоспарлап отыр, оның басым бөлігі шетелдерге шығарылады деп межеленді.
АҚШ энергетика министрлігінде өткен келіссөздердің тағы бір маңызды құрамды бөлігі ретінде халықты жаппай қырып-жоюға арналған қаруды таратпау, жалпы қарусыздану саласындағы екі-жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту туралы пәтуаластықты атауға болады. Қазіргі халықаралық ахуалды ескере келіп В.Школьник пен С.Абрахам осы саладағы бүгінге дейін қол қойылған ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.
Вашингтонға жасаған ресми сапары барысында В.Школьник сондай-ақ, АҚШ президентінің арнаулы көмекшісі Ф.Шерзадпен, АҚШ сауда министрінің бірінші орынбасары С.Бодманмен, АҚШ мемлекеттік хатшысынығң экономика және Еуразия істері жөніндегі орынбасарлары А.Ларсон және Э.Джонс мырзалармен келіссөздер жүргізді.
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі сондай-ақ, АҚШ сауда палатасы, жаңа тәуелсіз мемлекеттермен іскерлік ақпарат алмасу жөніндегі қызметінде, АҚШ-тағы ірі зерттеу орталықтары болып табылатын "Карнеги" және "Мұрагерлік" қорларында өткен семинарларда дәріс оқыды.