Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі өз елі бұл жобаның кейбір аспектілеріне, соның ішінде мұнай құбырның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен маңыз беретінін атап өтті. "Бізді бұл құбырдың қауіпсіздігі туралы мәселе алаңдатады. Алайда, біз жобаға қатысушы елдер мен компаниялардың бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын білеміз",- деді С.Манн.
Бұл жобаның Қазақстан мұнайынсыз тиімділігі туралы мәселеге тоқталған елші "Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасы Қазақстан мұнайынсыз да тиімді болады" дегенге сенімді. Дегенмен елші Қазақстан өз мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдайды дегенге үміт білдірді.
Каспий мұнайын тасымалдаудың баламалы бағыттары арасынан Ресей бағытымен бірге С.Манн Қазақстан-Қытай мұнай құбырын атады. Елшінің айтуынша, бұл құбырды тарту жобасына АҚШ тарапынан қолдау көрсетіледі. "Бұл жақсы жоба",- деді ол. "Дейтұрғанмен, Иран арқылы құбыр тартуға АҚШ қашан да қарсы. Бұл -біздің бұлтарыссыз ұстаным",- деді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі.