Грант көлемі 540 мың АҚШ долларын құрайды. "Қазаэронавигация" РМК Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан тәрізді аймақтағы 4 елдің аэронавигациялық қызметтері атынан грантқа ие болып отыр . РМК 1 жылда аймақ елдеріндегі навигациялық қызметтердің қазіргі ахуалы мен техникалық жабдықталу жағдайын, олардың даму деңгейін және аймақтық CNS/АТМ жер серігі жүйесін құрудың тиімді жолдары туралы зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруы тиіс. Жоба жасалып біткеннен кейін РМК Орталық Азия елдеріне жобаны жүзеге асыру жолдары, әр елдің ұлттық
мүддесін ескеру негізінде қажетті жабдықтар мен қызмет түрлерін сатушылар туралы нұсқау береді. Егер жүйе қабылданған жағдайда жобаның жалпы құны 150 млн. доллардан асып жығылуы мүмкін.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы - IKAO талаптарына сәйкес, ұйымға мүше елдер 2015-жылға дейін ғарыштағы және жердегі навигациялық жүйелерді кешенді пайдалануға жаппай көшуі тиіс. IKAO басшылығының пікірінше, бұл ұшулар қауіпсіздігін мейлінше арттыруға, аэронавигациялық қызметтер сапасын жақсартуға, навигациялық қамтамасыздық шығындарын азайтуға жағдай жасайды.
"Қазаэронавигация" РМК-ның бас директоры С.Құлназаровтың айтуынша, жаңа жүйеге көшу навигациялық жүйелерді сапалық дамыту қажеттігіне байланысты. Қазір навигация саласында 20-ғасырдың 40-50-жылдарында жасалған жүйелер қолданылуда. Олар қазіргі заман талабына сай келмейді.
Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Марк Аскунионың айтуынша, осы жолғы грант қаржысын ескергенде АҚШ сауда және даму агенттігі тарапынан Қазақстанға көрсетілген жалпы көмек мөлшері 7 млн. доллардан асады.