Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жобасы 2002-жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы мерзімде Қазақстанның 300-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне есепшілік, заңгерлік және маркетингтік қызмет салалары бойынша көмек көрсетілді. Сондай-ақ, П. Андриолидің айтуынша, ҚР аумағында АҚШ үкіметі тарапынан қаржыландырылатын, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге бағытталған тағы да екі жоба жүзеге асырылуда. Бұлар - Қазақстанның несие қоры жобасы мен сауда және инвестицияны дамыту жобасы болмақ. П. Андриолидің айтуынша, Қазақстанның несиелік қор жобасы 2004-жылдың тамыз айынан бері республиканың Алматы, Түркістан, Тараз, Шымкент және Талдықорған тәрізді 5 қаласында жүзеге асырылуда. Қордың қазір ел аумағында 10 мыңнан астам клиенттері бар. Қордың жалпы несиелік қаржысы 5,3 млн. долларды құрайды.
Ал Астана қалалық кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының президенті Павел Казанцевтің хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған 150 халықаралық бағдарлама жұмыс істейді. Ол сондай-ақ "өзара ықпалдастық саласындағы басты проблема - кәсіпкерлердің осынау халықаралық құрылымдардың жұмысынан бейхабарлағы болмақ" деп атап көрсетті. Сол себепті осы жолғы семинардың басты мақсаттарының бірі осындай бағдарламалар туралы ақпараттарды қазақстандық бизнес өкілдерінің назарына жеткізу жолдарын айқындау болып табылады.