АҚШ Ұлттық қауіпсіздігі кеңесі Украинада болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп отыр

Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Украина жөніндегі ресми өкілі Кейтлин Хэйденнің мәлімдемесінде: «біз Киев көшелерінде болып жатқан оқиғаларға алаңдап отырмыз және тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырамыз» делінген.

Оның айтуынша, «елдегі қақтығыстың өршуі Украина үкіметінің өз халқы тағып отырған кінараттарды мойындауға шамасы жетпейтінін көрсетіп берді». «Оның орнына үкімет бейбіт шеруді қылмыс деп қарастырып, азаматтық қоғам мен саяси қарсыластарын негізгі құқықтарынан айырып отыр», - дейді К.Хэйден.

АҚШ Қауіпсіздік кеңесі Украина билігін жуырда қабылданған «антидемократиялық заңдардың» күшін жойып, арнайы жасақты орталық алаңнан әкетуге және саяси оппозициямен диалог жүргізуге шақырды.


Бұл ұсыныстар орындалмаған жағдайда «АҚШ санкция енгізу сынды қосымша шараларды қабылдауы мүмкін», - деп атап өтті К.Хэйден.