Ақша жеген генерал сотталды

Бүгінгі боран электр желілерін үзгендіктен әскери сотта  жарық өшіп қалған. Сөйтіп отырыстың басталуын тілшілер қауымы тас қараңғыда күтті.  Бірақ процестті күннің сәулесімен өткізе беруге шешім қабылданды. Содан ішке күртеше киген қос айыпталушы жеткізілді. Генерал Бөлдешев қолынан кісен шешілген бойда жалынып ақыры  су сұрап ішті.

Асқар Бөлдешов,Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары:

-  Мені қандай жаза күтіп тұрғанын бір Алла біледі.   Білетінім қозғалған қылмыстық іс ойдан шығарылған. Тергеу біржақты жүрді. 

Ал жүз  беттік үкімді судья екі сағат оқыды. Алдымен  әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының орынбасарынан бөлім командирлерінен ақша бопсалады және жеген ақшасына ауылдағы әке-шешесіне монша тұрғызды деген айыпты алып тастады. Мұны естігенде Асқар Бөлдешев жадырап сала берген. Алайда қуанышы ұзаққа созылған жоқ.

Себебі былықтары кейін әшкереленді. Сөйтсек генерал-майор кәсіпкер досы Талғат Жұмахановпен жымдасып Алматы облысы Боралдай кентіндегі қазақ әуе қорғанысының негізгі күші С-300 зенитті-зымыран кешеніне жарамсыз бөлшектер жеткізген. Тіпті кейбір қымбат саймандарды белгісіз біреулерден қолдан сатып алыпты. Оны орнатқанда зымырандар ұшуға жарамай ал радиолокациялық станция шекара бұзған бірде-бір ұшақты таба алмас еді. Бір таңғаларлығы әскери техниканы сатып алуға қатысқан фирманың тиісті лицензиясы жоқ. Әрі бұған дейін тек азық-түлік жеткізумен айналысқан екен.


Даулет Молдабаев,  Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы:

Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін  Асқар Бөлдешев 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып дүние мүлкі тәркіленсін.  Және авиация генерал майоры атағынан айыру  туралы президенттің атына өтініш жіберілсін. Ал жеке кәсіпкер Жұмаханов Талғат 6 жылға абақтыға жабылып мүлкі тәркіленсін. Мемлекетке келген шығын 114 млн теңге екеуінен өндірілсін.

 Үкімді естігенде Бөлдешевтің әйелі жылады, адвокаты мұңайды. Ал тендерге бөлінген қазынаның 137 млн теңгесін  қымқарғаны сот дәлелденді десе де, Бөлдешов пен Жұмаханов сол күйі кінәсін мойындаған жоқ. 

-  Полковник Мұханов менен 28 мың доллар пара сұрады. Мұны сот ескермеді. Ортақ  ақшадан қағылған соң ізімізге түсті.  

-  Айғайға басқандар енді адвокаттарымен бірге апелляциялық шағым жазуға шұғыл кірісіп кетті. Оған олардың 15 тәулік уақыты бар. Егер сот үкімді өз күшінде қалдырса, 8 ай тергеу изоляторында отырып келген генерал мен  оның кәсіпкер досы жалпы тәртіптегі түрмеге ауыстырылады.