АҚШ-та абақтыда жатқан қос қазақ студентіне қатысты екінші сот отырысы өтті

Қос қазақстандыққа қатысты іс бүгін біржақты сипат алар, айыптар болмаса ақтар деп келген барлығы. Азамат пен Диастың жақындары сот ғимаратына таңсәріде жетіпті. Отандастарымызбен бірге Царнаевқа қол ұшын созды деп айыпталған Робил Филлипос болса, көңілі көтеріңкі. АҚШ азаматы бұған дейін кепіл ақшамен босатылған болатын. Ал отырыс басталысымен істің ашық өтуін талап еткен адвокаттардың шағымын сот қабылдаған жоқ.

Аркадий Бух, А.Тәжияқовтың адвокаты:

- Прокуратура істі құпия қылып, елдің ақиқатты естуіне тосқауыл болуда. Өздерінің ұтыларын сезіп отыр. Судья да мемлекеттік айыптаушыларды қолдай кетті. Тіптен бізге бұқаралық ақпарат құралдарында іске қатысты әлі ел естімеген, қос студентті ақтайтын деректерді айтуға тыйым салып тастады.

Азамат пен Диасқа қатысты ашылған істі жұртқа жарияларын немесе құпия қалдырарын судья енді келесі аптада айтпақ. Отандастарымыздың туыстары болса қос жігіт абақтыда да қысым көріп жатқанын айтады. Тіптен олар өткен 6 ай бойы бір кісілік камерада отырыпты. Және бүгінгі сот процесіне де әкелінбеген.

Әмір Исмағұлов, А.Тәжияқовтың әкесі   

-Біз оларға айттық 6 ай бойы бір бөлмеде жалғыз өзі күнді көрместен отыр деп. Ол оның барлық құқығын бұзып отыр Америка. Соған айттық егер сіздер Американың заңымен соттап жатсаңдар Диас пен Азаматқа да Американың құқығын беріңдер деп. Өйткені олар аптасына екі рет свидания алады, Американың адамдары күніне бір сағат сыртқа шығып күнді көреді. Ал неге біздің балаларға сондай жоқ?

Жуырда ғана Америкадан Атырауға жеткен Азамат Тәжияқовтың қарындасы да ашулы. Ағасымен абақтыда жүздескен ол біздің ұл қатты азып кеткенін айтады.


Айдана Білібаева, Азамат Тәжияқовтың қарындасы:

Түрмедегі жағдайы өте нашар, таза ауа жұтпайды. Күн көрмейді. Тек жұма күні бізбен кездесер алдында 15 минут ауаны жұтаныны болмаса былайынша жұтпайды.

АҚШ соты осылайша адвокаттарды бір қақпайласа, абақтыда азаматтарымызға тағы қысастық қылуда. Ал ақыры айғайға ұласқан екінші сот отырысы жедел жабылыпты. 7 мың парақтан тұратын ақпаратпен танысу үшін тараптарға 2 жарым ай уақыт берілген. Сағызша созылған отырыстың соңы сиырқұйымшақтанып кеткені туралы адвокаттар да құзырлы орындарға хат жазып жібермек жуырда.