АҚШ-та лаңкестікке қатысы бар деген қазақ студенттері кемі ширек ғасырға сотталуы мүмкін

Басы бүтін Бостонда сәуірдің 15-інде марафон өткіземіз деп машақаттанған мұхиттың арғы беті осылайша оқыста шошынған. 3 адам қаза тауып, 200-ден астам жан жарақат алып, ажалдың аузынан қалды. Санаулы сағатта ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар айыпты екенін анықталды. Тамерлан тәртіп сақшыларымен қақтығыста жан тапсырды, Джохан ауыр жарақатпен қолға түсті. Қырсықтың бір құрығы бізге де тиді, Джохармен бірге оқыған қос қазақ Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжияқов құрықталды. Бүгін ресми айып та тағып үлгерді тіс қаққан тергеушілер. Бірақ АҚШ-та қандастарымызды ақтаумен айналысып жатқан жандар айыптаушы тараптың бүйректен сирақ шығарғанын айтады.

Аркадий Бух, Азамат Тәжияқовтың адвокаты:

Бұл Америка прокуратурасының әуелгі айласы. Алғашында екі қазақ азаматына жеңіл айып тақты, тергеу айғақтарын жасырды деп. Бірақ бұған қорғауымыздағы Азамат келіспеген кезде айғақтарды әдейі жойды деп бас салды. Түсінбейтініміз, егер сезікті ол айғақтарды тіптен қолымен ұстамаса жойғанын қалай дәледемек?

Ұлы құрықталғалы Америкада табанынан таусылып жүрген Азамат Тәжияқовтың әкесі Әмір Исамғұловпен телефон арқылы тілдестік. Бұған дейін ұлының жазықсыз екенін дәлелдеп баққан азамат бұл жолы АҚШ тергеушілері отбасын алдап соққанын айтады. Өйткені қылмыстық істі тергеу мерзімі 3 рет ұзартылған.

Әмір Исмағұлов, Азамат Тәжияқовтың әкесі:

- Олар қылмыстық істі қарауды 2-ші рет кейінгі қалдыруды сұрағанда, балаңызға тағылған айыпты алып тастауымыз мүмкін деп түсіндірді. Сол себептен біз келіскенбіз. Бірақ олар бүгін ұлыма ресми айып тақты. Дегенмен біз мұндай жағдайға дайынбыз.

Америкалықтар алдап-соққан ағайынның ісіне еліміздің Сыртқы істер министрлігі белсеніп бел шешіп кіріспек емес бірақ. Барлығын алдағы сот процестері шешетінін ғана айтады. Ал Диас пен Азаматтың әрқайсысына қос-қос айыптан тағылып отыр қазір.


Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

-Айып 2 тармақтан тұрады, бірінші тармақ тергеуге кедергі келтіру мақсатымен алдын ала келісім. Екінші тармақ, тергеуге кедіргі жасау, қылмыскерге көмектесу және арандатушылық деп айтылған. Аталған айыптар бойынша олар 25 жылға бас бостандықтанына айрылуы мүмкін.

Бостондағы марафонды лаңдаған лаңкес деп танылған Джохар Царнаевқа 30 бап бойынша айып тағылған. Оның кемі 17-сі бойынша 19 жасар Джохар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Ал Диас пен Азаматтың айыбын әбден шүйліккен АҚШ мүдірмей дәледесе қос қандасымыз 25 жыл абақтыға айдалмақ. Тағы 250 мың долларлық айыппұлы бар. Отандастарымыздың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы 13 тамызда басталады деп жоспарлануда. Сырты істер министрлігі бұл сот процесінің ұзаққа созылуы мүмкін екенін де ескертті, және АҚШ соты  қос қандасымызды айыпты деп тапса, олар Қазақстанға қайтарылып жазаларын осында өтеуі әбден мүмкін.