ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауына қарағанда, Коктиев Тимур Даниярұлы 1997 жылы, ал Әбдірахманов Дамир Дулатұлы 1999 жылы туған(асырап алынғаннан кейін оларға - Карлсон Тори (Тимур) және Карлсон Куинн (Дамир) деген есімдер берілген). Олар Ақмола облысы Көкшетау қаласында туған және Щучье қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері болатын. Ақмола облысы Шортанды аудандық сотының Т.Д.Коктиев пен Д.Д. Әбдірахмановты асырап алуға беру туралы шешімі 2002 жылдың шілдесінде заңды күшіне енген. Асырап алынған уақытында Тимур 5, ал Дамир 3 жаста болатын.
Асырап алушылар - Карлсон Терри Уильям 1957 жылы туған және Карлсон Лана Джейн 1966 жылы туған, АҚШ азаматтары, асырап алу кезінде Вашингтон штатының Сиэтл қаласында тұрған.
«ҚР Білім және ғылым министрлігі оқиға барысын жіті бақылайтын болады және ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе үйлестірілген жұмыстар атқарады. Бұдан бөлек, министрлік АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық балалардың қайғылы оқиға салдарынан қазаға ұшырауына байланысты көңіл айтады» делінген баспасөз баянында.
Еске сала кетейік, өткен жұма күні Вашингтон штатының тұрғыны Дэвид Кэмпбелл өзінің әйелі Лана Карлсон (49 жаста) мен асырап алған екі баласы Куин Карлсон (16 жаста) және Тори Карлсонды (18 жаста) атып өлтірген болатын. Кейін ол өз-өзіне қол жұмсаған. Көз жұмған тағы бір қыздың есімі әзірге аталмады. Көршілері олардың орыс тілінде сөйлескендерін айтқандықтан, жеткіншектерді Ресейден асырап алған деген болжам айтылған болатын.