АҚШ-та президент сайлауы басталады

Қазіргі жағдаймен дауыс беру құқығы бар американдықтардың саны 205 млн. адамды құрап отыр. Болжамдық баға бойынша, егер бүгін сайлаушылардың кем дегенде 55 проценттен астамы өздерінің дауыс беру құқығын пайдаланған жағдайда сайлауға барлығы 110 млн. адам қатысып, рекордты көрсеткішке қол же ткізілмек.

Бүгінгі сайлау Ақ үйдің билік басында АҚШ-тың қазіргі 43-ші президенті, Республикалық партиядан аты ұсынылған 58 жастағы Джордж Буш екінші мерзімге қала ма, әлде алпауыт мемлекеттің жаңа 44-ші президенті болып 61 жастағы сенатор, Демократиялық партияның үміткері Джон Керри сайлана ма дегенге жауап беруі тиіс.
Кейінгі кездері жүргізілген ондаған қоғамдық сауалнамалар қорытындысы бойынша, қазіргі жағдаймен екі үміткердің де жеңу мүмкіндіктері тепе-тең түсіп тұр, дегенмен, бірқатар сауалнамалар қорытындысы бойынша, қазіргі президент қарсыласынан сәл алда келеді.
АҚШ Конституциясына сәйкес, бүгінгі сайлауда сайлаушы өкілдердің басым дауысын жинаған үміткер жеңіске жетеді. Жеңіске жету үшін сайлаушы өкілдердің 270 дауысын жинау қажет.
Бүгінгі сайлау АҚШ-тағы президенттік орынтақ үшінгі дода тарихында алғаш рет жұмсалатын жалпы шығын көлемі 1,2 млрд. долларға жететін бұрын-соңды болмаған рекордты көрсеткішімен де ерекше.
Сайлау барысын дүниежүзінің 19 елінен, соның ішінде Қазақстаннан да халықаралық бақылаушылар барды. Елімізден мәжіліс депутаттары Шәріп Омаров пен Рамазан Сарпеков, сенаторлар Тасбай Симамбаев пен Сағындық Есімхановтар сайлауға еліміз атынан бақылаушылық жасайды. Олар Солтүстік Каролина Штатындағы дауыс беру барысын қадағалайды.