АҚШ-та Қазақстан азаматшасын 40 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Әсел Әбдіғаппарова АҚШ-қа 1998-жылы барған. 2001-жылдың шілде айында ол АҚШ-тың Сан-Антонио қаласының тұрғыны Р.Росадо есімді әйелді өлтіруге атсалысты деген айыппен қамауға алынған. Кісі өлтіру оқиғасы 2001-жылдың наурыз айында болды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Әсел Әбдіғаппарова қамауға алынған сәттен бастап АҚШ Мемлекеттік департаментіне бірнеше мәрте өтініш жолдап, оны сот процесіне дейін босатып, тұтқындалғаннан кейін туған баласымен қосуды сұраған.
2005 жылғы ақпанның 26-сында Техас штатындағы Сан-Антонио қаласының соты Ә.Әбдіғаппарованы кісі өлтіргені үшін айыпты деп тапты (Техас штатының заңнамасы бойынша кісі өлтіруге қатысу кісі өлтірумен тең болып табылады). Ал бұған дейін оған өлім жазасы немесе өмір бойы қамауда отыру жазасы жүктелу қаупі төнген. 2-наурызда сот Ә.Әбдіғаппарованы 40 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Вашингтондағы АҚШ елшілігінің мәліметі бойынша, сотталған әйелдің туыстары қамау мерзімін кеміту туралы аппеляциялық өтініш беруге ниеттеніп отыр.