АҚШ-та Қазақстан азаматшасын өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды

У.Қоңырбаевтың айтуынша, қазір Ә.Әбдіғаппарованың адвокаттары апелляциялық арыз беру мәселесін зерттеп жатыр. Апелляциялық шағым қаралмай тұрып, "Әселдің жазаны қайда өтейтіні туралы сауалға жауап беру мүмкін емес",- деді У.Қоңырбаев. Дегенмен, "үкім шыға сала оған жазаны Қазақстанда өтеуге рұқсат берілуі мүмкін емес. Бірақ, уақыт өте келе АҚШ жағы әйелдің ата-анасы мен балалары осында, Қазақстанда тұратынын ескерер деп үміттенеміз",- деді ол.

У.Қоңырбаевтың хабарлауынша, Әсел Әбдіғаппарованың адвокаттарының қызмет ақысын төлеу үшін 75 мың доллар қажет. Бірақ бұл қаржыны шетелдегі қазақ диаспорасы жинап беруге әзірлік танытқан.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005 жылғы ақпанның 26-сында Техас штатындағы Сан-Антонио қаласының соты Ә.Әбдіғаппарованы кісі өлтіргені үшін айыпты деп тапты (Техас штатының заңнамасы бойынша кісі өлтіруге қатысу кісі өлтірумен тең болып табылады). 2001-жылдың шілде айында ол АҚШ-тың Сан-Антонио қаласының тұрғыны Р.Росадо есімді әйелді өлтіруге атсалысты деген айыппен қамауға алынған. Кісі өлтіру оқиғасы 2001-жылдың наурыз айында болды.