АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы тағайындалды

Осылайша Рекс Тиллерсон ресми түрде АҚШ-тың 69-мемлекеттік хатшысы атанды. Ант қабылдау рәсімі Ақ үйде өткен. Бұған дейін ел сенаты дауыс беру арқылы Тиллерсонның кандидатурасын мақұлдаған болатын. Оны бұл қызметке Президент Дональд Трамптың өзі ұсынған. Ақ үй басшысының айтуынша, Тиллерсонның дипломатия саласында мол тәжірибесі болмағанымен, әлем саясатын жетік меңгерген.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен сізді және отбасы мүшелерін абыройлы қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын. АҚШ дипломаттарының мақсаты – ел мүддесін көздеп, сол салада нәтижелі жұмыс атқару. Бұған сіздің қабілетіңіз толық жететініне сенімдімін. Осы жолда одақтастарымызбен байланысты бекемдеп, жаңа аляньстар құрып, азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін стратегиялық дамуға қол жеткізуіміз керек, деді АҚШ Президенті Дональд Трамп.

- Соңғы уақытта қызметіме табыс тілеп, таныстарым да, танымайтын жандар да хат жолдап, хабарласып жатыр. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сенімдеріңізді ақтап, Америка халқы мен үкіметінің өсіп өркендеуіне бар үлесімді қосамын. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге үлкен рақмет, дейді АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.