Ақтау әскери теңіз институты алғашқы түлектерін дайындап шығарды

Әскери теңіз институтының түлектері көп деңгейлі, бірнеше сатылы дайындықтан өтеді. Биылғы түлектер теңізшілер мектебін тәмамдап, бірінші сатыдан өтті. 1 жыл 10 ай оқыған олар штурман, кеме механигі және радист мамандықтарын меңгеріп шықты. Биылғы түлектердің арасында Жан Елімбаев, Станислав Сторожук, және Әлімжан Рамазанов сынды үздік түлектер бар.

Алғашқы түлектерді дайындап шығару оқиғасына арналған салтанатты шарада "Батыс" аймақтық командованиесінің қолбасшысы Ратмир Комратов былай деді: "Бүгінде жалпы еліміздің, осы аймақтың экономикасы көтеріліп келеді. Демек, республикамыз бен Маңғыстау өңірінің келешегіне зор үміт күтуге болады. Бұл - Отанымыздың шекара көгжиектерін сенімді қорғауды талап етеді".
Ақтау жоғары әскери теңіз институты республика үкіметінің 2001-жылғы 1-наурыздағы қаулысына сәйкес құрылған. Ол Орталық Азия аймағындағы тұңғыш әскери -теңіз институты болып табылады.