В.Петровтың айтуынша, әзірге аталмыш жер сілкіністерінің ошағы Иран мен Түрікменстанға таяу болғандықтан, мұнай өндіруге байланысы жоқ деп саналады. Дегенмен, мұнай, газ және басқа да пайдалы қазба кеніштерін қарқынды игеру жағдайында геологиялық өзгерістерге байланысты техногендік сипаттағы жер сілкіністері шығу қаупі артады. Сол себепті қазір облыс аумағын теңіз бен құрлықтың қайсысында да сейсмологиялық аймақтарға бөлу, аймақтың сейсмологиялық картасын жасау мәселесінің өзектілігі артты.
Облысты сейсмологиялық аймақтарға бөлу жұмысы аяқталғаннан кейін облыс аумағында мұнай және газ қабаттарын игеруші барлық мұнай компаниялары сейсмологиялық аспаптар мен қажетті жабдықтарды сатып алуы тиіс. Сондай-ақ, жер қыртысындағы құбылыстарға сейсмологиялық бақылау жүргізетін станциялар құру қажет, деді В.Петров.
Сейсмологиялық аудандарды айқындау - сейсмологиялық станциялар орналасатын жерді нақты анықтауға мүмкіндік береді. Оларды Қазақстан мен көршілес елдердің сейсможүйесі кешеніне, жалпы ортақ желі мен ғарыштық мониторинг жүйесіне қосқаннан кейін кез-келген сейсмологиялық құбылысты анықтауға мүмкіндік жасалады. Сейсмостанциялар желісі дамыған сайын жер асты дүмпулерінің ошағын нақты анықтауға мүмкіндік пайда болады. Алайда, В.Петровтың айтуынша, сейсмостанциялар жуық арада салынбайды.
Бүгінге дейін "Өзенмұнайгаз" ААҚ аймақты сейсмикалық аудандарға бөлу жұмыстарын аяқтады. Жаңаөзен қаласының аумағы мен осы өңірдегі кеніштерде сейсмикалық қауіп 6 баллды құрайды, ал Түрікменстан шекарасына таянған сайын бұл шама арта түседі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, облыс аймақтарын сейсмикалық аудандарға бөлу жұмыстарына арнап облыс әкімі Болат Палымбетов 15,5 млн. теңге бөлген. Бұл жұмысты шарт бойынша ҚР сейсмология институты жүзеге асырды.