Ақтау қаласының әкімі ерекше сұлулық салонының алғашқы клиенті болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ерекше орталықта 10 зағип, 5 нашар еститін адам жұмыс істейді.

"Шаштараз-стилист болып 33 жыл жұмыс істеймін. 2019 жылдан бастап сөйлеу, есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға шашты сәндеп жасаудың қыр-сырын үйретемін. Әрине, қиындықтар болды. Бірақ, уақыт өте келе мүмкіндігі шектеулі адамдардың дені сау мамандармен қатар сапалы қызмет көрсете алатынына көз жеткіздім. Биыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында осы жобаны қолға алдым. Бастапқыда қысқа мерзімді оқу курсын ұйымдастырдым. Содан кейін жаңа салон ашып, осы курсты сәтті аяқтаған оқушыларымды жұмысқа қабылдадым", - деді орталықтың негізін қалаушы Құралай Байғалиева.

Сұлулық салонының қызметін алғаш болып пайдаланған Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай болды. Әкім мамандардың жұмысын бағалап, орталықтың ашылуымен құттықтады.