Мына аулада қоқыстың тау болып үйіліп жатқанына алтыншы күн. Бұл жерге тек тұрғындар емес, осы маңдағы мейрамхана-дәмханалар мен дүкендер де қалдықтарын тастайды. Бәрі қосылып бір ауланы қоқыс полигонына айналдырып жіберген. Лас жер жабайы ит-мысық пен жәндіктердің мекеніне айналыпты.
Асылзада Кәрімова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Тарақан, бүргемізбен қоқыстың барлығы ұшады. Бала деген қоқысты алады. Ана жерге ойнайды. Баланың аты – бала. Дүкендер ойыншықтар тастайды. Оны балалар тасиды. Қолымен ұстайды. Бөтелкелерді шағады.
Бұл – тек бір ауладағы көрініс. Қазір қаладағы 33 ықшамауданның бәрі қоқыстан көз ашпай жатыр. Ал тазалықшылардың бұған айтар өз уәжі бар. Көліктері газбен жүреді, бірақ жанармай бекеттерінде көгілдір отын жоқ. Бұл мәселеге шенеуніктер құлақ асар емес дейді олар.
Сәбит Сапарқұлов, «Каспий Оперейтинг» ЖШС бөлім басшысы:
-Облыс әкімінің бірінші орынбасары Алдашевқа жаздық, қала әкімі Жаңбыршинге жаздық. Газдың жоқтығынан техникалар тоқтап қалды. Көмек сұраймыз деп. Олардан ешқандай хат келген жоқ. Егер газ мәселесі шешілмесе, бұл жағдай жалғасады.
Әдеттегідей шенеуніктердің де айтары дайын. Олар әзірге бұл мәселемен хат алмасу арқылы ғана айналысып жатыр екен.
Берік Ізғалиев, Ақтау қаласы әкімінің кеңесшісі:
-«ҚазМұнайгаз-Өнімдері» ЖШС хатты жібердік. «Каспий Оперейтинг» мекемесіне қоқыс шығарумен айналысатын компания болғандықтан резерв ұстау мүмкіндігін қарауды.
Сұйық газ тапшылығы – мәселенің бер жағы ғана. Басты қиындық – қоқыс көліктері жетіспейді дейді тазалықшылар. Қазір тек 24 көне техника жүріп тұр.
«Каспий Оперейтингтің» басшылығы автопарк таяуда жаңарады дегенді айтуда. Инвесторлар қоқыс тасу ісіне 10 көлік қосуға дайын екен. Ал оған дейін қалдықты дер кезінде тазаламағаны үшін санитарлық мекеме оларға айыппұл салып, қызметін тоқтатуға дейін барамыз деп сес көрсетіп отыр. Тек оның қаланы қоқыстан тазартуға септігін тигізуі неғайбыл.
Loading...