Ақтау теңіз айлағының аясын кеңейту жобасының бірінші кезеңіне 65-70 млн. доллар көлемінде инвестиция қажет



Ж.Қасымбектің ақпаратына сәйкес, бірінші кезеңде қосымша толқын бұзғыш пен қорғаныс бөгет салу, теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу көзделген. Ол мемлекеттің есебінен немесе мемлекеттің кепілдігімен несие алу арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде.
Айлақтың негізгі коммерциялық инфрақұрылымын салу үшін стратегиялық инвестор тартылады, деді Ж.Қасымбек. Инвестор бірінші кезекте қойма аумағын жайластырып, причал мен жүк тиеп тасымалдау жабдықтарын салуға тиіс.
Сонымен бірге инвестор темір жол мен кіреберіс жолдарды, коммуникациялар, ғимараттар мен құрылғыларды салуы қажет. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, айлақ өз аумағына келген кемелерден алым жинаса, жүктерді тиеп-түсіру және тасымалдау -сақтау төлемі инвестордың иелігіне беріледі.
Жалпы алғанда, Ж.Қасымбектің айтуынша, 2009-жылға дейін 11 жаңа причалдан құралатын гидроқұрылғылар кешенін құру жоспарланған. Сонымен бірге контейнермен жүк тасымалдау - ең бір келешегі зор тасымал түрі болуға байланысты біз екі бірдей контейнерлік терминал құруды көздеп отырмыз, деді РМК директоры.
Сонымен бірге көмір сынды сусымалы құрғақ жүк түрлерін өңдей алатын екі причал салу межеленген. Ал қазіргі айлақ мұндай жүктерді қабылдамайды. Сонымен бірге төтенше жағдайлар министрлігінің кемелері тоқтауға арналған причал мен экологиялық причал салу да ойда бар. Паром кешені салынуы мүмкін. Ақтау теңіз айлағының аясын кеңейту жоспарын жүзеге асыруды пәрмендендіруге жағдай жасау үшін шекара қызметінің кемелері мен айлақ флоты кемелерінің базасы орналасатын причал салу қажеттігі айқындалған.
Ж.Қасымбектің айтуынша, Ақтау теңіз айлағының аясын солтүстік бағытта кеңейту жобасын жүзеге асыруға 250 млн. доллар қажет деп есептелуде. Қазіргі жағдаймен жобаның техника-экономикалық негіздемесі барлық мүдделі мемлекеттік мекемелермен келісіліп, экономика министрлігінің қарауына ұсынылған.
Сол күні айлақ аумағында жабық жиналыс өткізіліп, онда қаржы тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, 2005-жылы мемлекеттің кепілдігімен 25 млн. доллар, ал 2006-жылғы бюджеттің кепілдігімен 50 млн. доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. "Сонымен бірге инфрақұрылымды дамытудың маңызды бір бағыты ретінде мемлекет пен жеке меншік сектордың өзара серіктестік тетігін пайдалануға мүмкіндік бар",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті