Ақтауда "Ауыз су" атты аймақтық бағдарламаға сәйкес теңіз суын тұшытуға арналған зауыт салына бастады

Бұл туралы KZ-today тілшісіне болашақ зауыттың директоры Жақсыбек Сүндетов хабарлады.

Оның айтуынша, зауыт тәулігіне 40 мың текше метр су өндіреді. Ал зауыттың бірінші кезегінің қуаты тәулігіне 20 мың текше метрді құрамақ. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Зауыттың екінші кезегін құрылысшылар алдағы жылы пайдалануға бермек ниетте.
Мәскеудегі "М.В.Келдыш атындағы Зерттеу орталығы " Федералдық Мемлекеттік унитарлық кәсіпорны директорының орынбасары Андрей Десятовтың айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру жөнінде тараптар өзара келісімге қол қойып, "Маңғыстаумұнайгаз " ААҚ-ның негізгі акционері болып табылатын Индонезиялық Central Asia Petroleum Ltd. фирмасы жобаны қаржыландыруға келісті.
Нысан құрылысын "Алматымонолитстрой" көп профильді фирмасы салады .
Қазір көптеген ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, бір ғимаратта құрал-жабдықтар қазірдің өзінде орнатыла бастады.
Зауыт теңіз суын тұшытудың ең экологиялық таза тәсілін таңдады. Арнайы қондырғыда радиоактивті бөлшектер, бактериялар , вирустар мен басқа да қоспалардан тазартылатын су өз құрамында табиғи тұздар мен минералдарды сақтап қалады.
Зауыт құрылысын салуда қазіргі заманғы ең озық дүниежүзілік және Ресейлік технологиялар қолданылады. Зауыттың су тұшыту бөлімінде алғашқы мерзімде қуаты тәулігіне 2 мың текше метрді құрайтын 10 су тұшыту қондырғысын пайдалану көзделген. Ал болашақта зауытта тағы да осындай 10 қондырғы орнатылады.
Ресейлік орталық технологиялық жабдықтармен кешенді қамтамасыз етумен бірге, құрылыс-монтаж, құрастыру жұмыстарына авторлық бақылау қою міндетін жүктейді.
"М.В.Келдыш атындағы Зерттеу орталығы " Федералдық Мемлекеттік унитарлық кәсіпорны зымырандық двигатель жасау және ғарыштық энергетика саласындағы Ресейдегі ең жетекші кәсіпорын болып табылады. Ол Ресейдің аэроғарыш агенттігі құрылымына қамтылып, Федералдық ғарыштық бағдарламаны жүзеге асыру және оны жобалауға атсалысады.
Орталық Ленинград газодинамикалық зертханасы мен Мәскеудегі реактивті қозғалыстарды зерттеу тобының базасында 1933-жылы құрылды. Ол ғарыштық техниканың жобасын жасау және оны ерекше әдіспен сынау жөніндегі дүниежүзіндегі тұңғыш ғылыми-зерттеу институты болып табылады.