Ақтауда балабақша дауы төбелеспен аяқтала жаздады

Ақтаулық аналар қалалық әкімдіктің алдына апта сайын жетеді. Жеті күн емес тек сәрсенбінің сәтсіз күні. Өйткені аптаның осы үшінші тәулігінде 3 сағатқа ашылатын балабақшаға бала қабылдау үшін жарақталған жалғыз терезе елдің қажетін өтеп бітпейді. Шенеуніктердің шырылдаған елмен шатағы жоқ. Айтылған уақытта есінеп отырып істерін бірді-екілі жасап, қалған жұртты осы күйде тобымен тастап кетеді екен. Бірақ бүгін шыдам шегіне жетіп, жұрт ақыры айқайға басты.

Есі шығып екіленген ел еріккеннен жүрген жоқ. Балалары балабақшаның тәрбиесін алса деп тізімге тесіледі. Бірақ 3-4 жылдап кезекке тұрған бөбектер әлі күн айтулы балабақшаларға орналаса алар емес. Себебін түсіндіруге жалғыз терезедегі жандар қауқарсыз. Бүгін ашулы жұрттың кейбірі әкімдіктің қарауылымен қарадай жаға жыртысып ішке еніп шенеуніктердің нені шатып-бұтып жүргенін сұрамаққа оқталды.

Елена Ерниязова, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Екінші рет келіп тұрмын әкімдікке. Өмірі осындай кезек болады. Бір терезе ғана жұмыс істейді.

Ал ағайынды тек сәрсенбіде үш сағатқа-ақ қабылдайтын шаруақор шенеуніктер бұл әкімдіктің емес жоғарғы биліктің жасаған құқайы екенін айтады. Өйткені бір баланы балабақша кезегіне қою үшін үш бірдей жерге тіркеліп сандалыпты ата-аналар.


Сәбика Құрманғазиева, Ақтау қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Қазіргі бағдарламаны қолдану өте ауыр соғуда бізге. 2010 және 2011 жылы тіркелген балалар балабақшалар арқылы кезекке тұрған. Одан кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтары қабылдады тізімді. Ал қазір әкімдіктегі жаңа жүйеге көшіп отырмыз.

Ақтауда биыл балабақшаға жалпы саны 2 мың бүлдіршін қабылданған. Кезекте тағы 14 мыңы тұр. Ал не істеп не қойғандарын өздері де маңдытып түсінбеген Ақтаулық шенеуніктер әзірге сәрсенбі сайын елдің жүйкесін жұқарта түспек. Ашынған ата-аналар болса Үкіметке арыз хат жолдамақ боп шешті.