Ақтауда II Каспий инвестициялық форумы басталды

Форум бағдарламасында атап көрсетілгеніндей, жалпы отырыста "Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы", "Каспий маңы өңірінің транспорттық инфрақұрылымын дамыту", "Маңғыстау облысында серпінді жобаларды жүзеге асыру туралы", "Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру шаралары туралы", "Маңғыстау облысының ұзақ мерзімді даму стратегиясы туралы", "Маңғыстау облысында бизнес жүргізуге қолайлы инвестициялық ахуал" тақырыптары бойынша баяндамалар жасалады.

Онда ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі, ""Қазына" Тұрақты даму қоры" АҚ мен "Қазинвест" АҚ, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі JICA агенттігі мен Investment Group ACME GO LTD ЖШС консалтингтік компаниясының, "ДАБ "ABN AMRO Банк Қазақстан " АҚ өкілдері баяндама жасамақ.

Форумға қатысушылар үшін "Ақтау-Сити", ""Кендірлі" курорттық аймағын дамыту", "Каспий энергетикалық хабы" жобаларының тұсаукесері жасалады.

Форум аясында "Каспий өңірінің ғаламдық экономикаға интеграциялану жолдары" атты дөңгелек үстел өткізіледі.

Түстен кейін форум жұмысы "Өңірдің транспорттық-логистикалық әлеуетін дамыту", "Каспий қайраңын игеру мен теңіз айлақтарын дамыту келешегі", "Ақтау теңіз айлағы АЭА - әлеуеті мен даму перспективалары", "Маңғыстау облысында туристік кластерді дамыту туралы" деген тақырыптық секциялар бойынша жалғасады.

Жалпы алғанда форумға Қазақстан, ТМД елдері мен алыс шетелдерден 200 астам делегат, соның ішінде шетелдік және отандық банктердің, инвестициялық және өнеркәсіптік компаниялардың, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Маңғыстау облысының мүмкіндіктері мен инвестициялық ахуалына арналған I Каспий инвестициялық форумы 2006 жылдың қарашасында өтті. 1,5 жылда облыс экономикасына 4 млрд АҚШ долларына жуық тікелей инвестиция тартылды. Жан басына шаққандағы инвестиция көлемі 4,2 мың АҚШ долларын құрады, ал ортаға республикалық көрсеткіш 1,7 мың АҚШ долларына тең.