Рәсімге облыс әкімі Болат Палымбетов қатысты.
Интернационалист-жауынгерлерге арнаған өз сөзінде Б.Палымбетов былай деді: "Бүгін біз сіздермен бірге майданда мерт болғандардың рухын қайғыра еске ала отырып, олардың ерлігіне бас иеміз. Ажалмен сағат сайын бетпе-бет келгендеріңізге қарамастан, берген антқа адалдық танытып, өз жауынгерлік борыштарыңызды атқарып шықтыңыздар. Сіздер ерлік пен табандылықтың үлгісін, әскери іске кәсіби адалдық таныта білдіңіздер".
Болат Палымбетов интернационалист-жауынгерлерге және олардың отбасыларына бақыт тілеп, балаларына "әкелері тап келген ауыр сынақтан аман болуды" тіледі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақтауда Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге ескерткіш ашу Конституция күні - 30-тамызға орайластыра межеленген болатын. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 8 млн. теңге бөлінді. Қазір Жеңіс саябағында интернационалист-жауынгерлерге арналған Даңқ аллеясы құрылуда.