Ақтауда "Қанатты әйел-2" атты әйелдердің аймақтық жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке дарынды әйелдерді анықтап, насихаттау, олардың іскерлік қасиеттерін паш ету, әйелдердің интеллектуалдық, шығармышылық және жетекшілік мүмкіндіктерін дәріптеу, жаңа тауарлар мен идеялардың тұсауесерін өткізу, желілік ынтымақтастық аясын кеңейту, қоғамда, ұйымдар мен кәсіпорындарда гендерлік идеяны тарату мақсаттарын көздейді.

Жәрмеңкеге шебер қолөнерші, қылқалам шебері, модельер, кәсіпкер,түрлі меншіктегі кәсіпорын немесе ұйымның дарынды жетекшісі ретінде танылған 60-тан астам әйел қатысты. 15 номинация бойынша өткізілген марапаттау шарасында жәрмеңкеге қатысушы барлық нәзік жандар құрметті дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жәрмеңке аясында дөңгелек үстелдер, мастер-класс шаралары, семинарлар, тренингтер, тауарлар көрмесі мен байқау, идеялардың тұсаукесері, ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі өткізілді.
Маңғыстаулық әйелдердің түрлі саладағы жетістіктерін жәрмеңке арқылы насихаттау нәтижесінде сауда-саттық жөніндегі келісімдерге, қызмет көрсету туралы келісім-шарттары мен басқа да сан алуан тиімді келісімдерге қол қойылды.
Жәрмеңкеде ортаға салынған таңдаулы идеялар "Идеялар қоры" атты жинаққа енгізіліп, олардың авторлары мен жалпы "Қанатты әйел-2" атты әйелдердің аймақтық жәрмеңкесінің жеңімпаздары 2005-жылдың 24-27-тамызы аралығында Алматыда өтетін Ұлттық жәрмеңкеге атсалысады.