Ақтауда Ресей мен Әзербайжанның есеп палаталары мен Қазақстанның есеп комитетінің жетекшілерінің бірлескен отырысы өтеді

Отырыста Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның республикалық бюджетінің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Ресей Федерациясы есеп палатасының төрағасы Сергей Степашин, Әзербайжан Республикасының есеп палатасы төрағасының орынбасары Аббас Аллахвердиев сөз сөйлейді.

Сонымен қатар Ресей Федерациясы есеп палатасының аудиторы М.Одинцов, Әзербайжан Республикасы есеп палатасының аудиторы Д.Гасанов, ҚР есеп комитетінің мүшесі Т.Қосжановтың баяндамалары тыңдалады.

ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Ысқақов, РФ ауылшаруашылығы министрінің орынбасары В.Измайлов, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Л.Қиынов, Әзербайжан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент төрағасы А.Гасымов, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы К.Сүлейменов және басқа адамдар сөз сөйлейді деп күтілуде.

Отырыста Каспий теңізінің судағы биологиялық ресурстарын пайдалану тиімділігін, сондай-ақ, бекіре тұқымдас балық түрлерін тиімді пайдалану, сақтау мен санын қалпына келтіруге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысын пайдалану тиімділігін тексеру нәтижелері қорытындыланады. Бұл тексеру ертеректе қол қойылған үш жақты келісім шеңберінде іске асырылды.

Сонымен бірге алқа мәжілісінде Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды игеру, сақтап қалу және санын қалпына келтіру проблемалары қаралып, Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының қорын игерудің биологиялық ресурстардың сақталуына тигізетін әсері бағаланады. Қатысушыларға Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды қорғау мен басқа да экологиялық проблемаларды мемлекеттік реттеу шаралары ұсынылады. Бірлескен алқа мәжілісінде Ресей мен Әзербайжанның есеп палаталары мен Қазақстанның есеп комитетінің жетекшілері біруақыттағы тексерулердің қорытынды құжатына қол қояды.

Мәжіліске Каспий маңындағы елдердің табиғат қорғау министрліктерінің өкілдері, ғалымдар мен парламенттердің депутаттары қатысады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті