Ақтауда салынып жатқан көрме орталығының конструкциялары қауіпсіздік техникасын өрескел бұзу салдарынан құлаған

"Салынып жатқан бизнес-көрме орталығының жабыны қауіпсіздік техникасын өрескел бұзу салдарынан құлаған", - деді М. Бортник. Ол төтенше жағдайдың зардаптарын жою жөніндегі комиссияны басқарады.

Оның айтуынша, нысанды бірінші жай көзбен байқауда конструкциялар мен қолданылған материалдарға "іс жүзінде ешбір мін тағуға келмеген". "Бетон да, металл конструкциялар да, арматура да барлық талаптарға сай келеді", - деді ол.

М. Бортниктің айтуынша, қазір тағы бір комиссия құрылған, ол нысанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланудың заңдылығын тексеретін болады. Оның айтуынша, нысанда 120 адам еңбек еткен, мердігер және субмердігер ұйымдардың құрамында жұмыс істегендер мен зардап шеккендердің бәрі де Өзбекстан азаматтары болып табылады.

Бұған қоса құрамына төтенше жағдайлар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментттерінің, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары мен басқа да атқарушы билік органдарының өкілдері қамтылған комиссия қолданылған құрылыс материалдарының сипаттамаларын егжей-тегжейлі тексеріп шықпақ.

"Комиссия болған оқиғаның себептерін, мердігерлер мен субмердігерлердің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуіне қажетті барлық құжаттарын (нысанда олардың жетеуі жұмыс істеген) мұқият тексермек", - деді әкімнің орынбасары.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен сейсенбіде салынып жатқан көрме орталығының 4 қабатты ғимаратындағы құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде "үйдің болат қаңқасының сол жақ қанаты құлап қалған". Үйіндіні аршыған кезде оның астынан нақтыланған мәлімет бойынша бес адам шығарылған, екі адам оқиға орнында жан тапсырса, біреуі ауруханада қайтыс болған, тағы екеуінің жағдайы ауыр.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы А.Даубаевтың баспасөз мәслихатында хабарлағанындай, ағымдағы жылдың маусым айының аяғында құрылыс басшылығына техникалық құжаттамаларды жүргізудегі заң бұзушылықтарға байланысты құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру жөнінде нұсқау берілген. Алайда, құрылысшылар бұл насқауға жауап қатпаған, сол себепті істі сотқа беру жөнінде құжаттар дайындалған.

Құрылысқа тапсырыс беруші - "Ақтау Инфраструктура" ЖШС, ал бас мердігер - "Алестрим индастри" ЖШС болып табылады. Жобаны Ақтаудың "Аве студио дизайн" компаниясы жасаған. Жоба барлық қажетті сараптамалардан өткізілген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті