Ақтауда терезеден тақтай лақтырған құрылысшылар тұрғындарды шошытты


Тоғыз қабатты үйдің төбесінен тақтай лақтырып тұрған құрылысшыларды кездейсоқ куәгерлер түсіріп алған. Еденнен жұлынып алынған ауыр ағаштар бірінен соң бірі төбеден түсіп жатыр. Ал әрлі-берлі өткен жұрт одан бас сауғалап қашқан. Бірақ оны құрылысшылар аңғарар емес. Естеріңізге салсақ, дәл осылайша Ақтау тұрғыны ескі теледидарды 10-шы қабаттан лақтырып, төрт жасар баланы өлтіре жаздаған болатын. Басынан ауыр жараланған кішкентай Исламның қазір көзі көрмейді. Ескі-құсқы заттарын далаға шығаруға ерінген күдіктіге қатысты сот жүріп жатыр.