-Мөлдір қайда? Төсекте. Ол еңбектегісі келеді...
Еденнен сыз тартып тұрғасын 5 айлық Мөлдірді анасы қоршалған керуетке таңып қоюға мәжбүр. Бұлай етпесе, кеше ғана тұмаудан айыққан сәби қайта ауырып қалуы мүмкін. Өйткені бұл үйге үш жылдан бері не жылу, не ыстық су дұрыс берілмейді.
Рыскүл Жылқайдарова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Бірінші емес, үшінші қыс: жылу деген мүлдем болмайды. Радиатор шамалы ғана жылы. Мұндай ауа райына әрине, жақсы. Далада +7, ал минусқа барса, мүлдем суып кетеді үй.
Электр қуаты қымбат болғандықтан кей тұрғын пәтерін газбен жылытуға көшті. Дірдек қаққан ойын балаларының тіпті ойыншыққа назар аударар шамасы жоқ. Тек теледидарға телміреді де отырады. Бірақ олар бұл қызығынан да қағыла бастады. Себебі жұрттың бәрі электр жылытқыш пештерін қосып қойған соң сымдар күйіп жатыр. Ал мына ықшамауданда 10-нан астам үй жылусыз отыр. Наразы болған тұрғындар пәтер иелері кооперативінің басшысы мен билік өкілдерін шақырып, жиналыс өткізді.
Анна Данилова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Сіздің кеңсеңіз жып-жылы, рахаттанып отырсыздар! Елдің бүрсең қағып жүргенімен тіпті шаруаңыз жоқ. Ал, төлем қағаздарын ең бірінші болып жібересіздер. Егер ықшамауданға келіп тұрған жылуды үйлерге үлестіре алмасаңыз, онда Сізге не үшін ақша төлеуіміз керек?
Ал кооператив басшысы бәріне жаңадан салынған элиталық үйлер кінәлі дейді. Байлардың үйін жылыту үшін жылу жолына күшті сорғыштар қойылған.
Нұрлан Жүкқали, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Сол сорғыштар трассаны салмақпен басып жатыр. 2 метр перепадпен су келеді. Үйді жылыту мүмкін емес...
Элиталық үйлерге сорғыш қоюға кім рұқсат берді, ескі нысандарға қашан жылу беріледі? Тұрғындардың бұл сұрақтары сол күйі жауапсыз қалды. Себебі қала билігінің өкілі жиналысқа келген жоқ. Бізге де сұхбат беруден бас тартты.
-Енді тұрғындар әділетсіздікке төзе алар емес. Қала билігінен мәселені шешіп, жылуды бір аптаның ішінде беруді талап етіп отыр. Әйтпесе прокуратураға арызданбақ. Ал мүддесін қорғай алмаған кооперативті сотқа беріп, қызметінен бас тартамыз дейді.