2002-жылдың маусым айында Маңғыстау облыстық волейбол федерациясы облыс әкімі Болат Палымбетовты президенттіке сайлаған болатын. Әкім федерация атқару комитетінің алдына жағажайлық волейбол клубын құру туралы міндет қойған.
2003-жылдың ақпанында облыстық әкімшілік шешімімен облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының жанынан "Каспий кәсіпқой волейбол клубы" мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Клуб іс-қызметінің басты мақсаты- жағажайлық волейболды дамыту болып табылады.
Бүгінде Ақтау қаласының әкімі Серік Оспановтың шешімімен жағажайда волейбол ойнауға арналған спорт кешеніне арнап жер учаскесі бөлінді. Кешен жобасы қазір келісіп бекіту сатысына аяқ басты.Осыған байланысты таяуда аталмыш кешеннің құрылысын салуға тендер жарияланбақ.
Кешен құрылысы салынғаннан кейін 10-12 жас аралығындағы бүлдіршін ұл-қыздардан құралған волейбол құрамаларын құру көзделіп отыр.
Қазір "Каспий" волейбол клубы кәсіпқой волейболшыларды басқа республикалар мен қалалардан шақыруға мәжбүр.
Қазақстан волейболшылар Федерациясы төралқаларының шешімімен "Каспий" кәсіпқой волейболшылар клубы ҚР Ұлттық қыздар құрамасының жетекші клубы ретінде жарияланған. Соның нәтижесінде клуб 2003-жылы халықаралық волейбол додаларында Қазақстанның мемлекеттік бет-беделін қорғау құқығына ие болды.
Халықаралық волейбол федерациясы 2003-жылы әлемдік лига ойындарын өткізуге 4,9 млн. доллар көлемінде жүлде қорын бөлген. Әлемдік лиганың әрбір сатысының жеңімпаздарына 150 мыңнан 300 мың доларға дейін жүлде тағайындалыр отыр.