Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, пластмасса өндіретін зауыт іс жүзінде 2003-жылғы тамыздан бері жұмыс істеген жоқ. Жұмысшыларға жалақы төленбей, бюджетке төлемдер аударылмайтын болды. Кәсіпорын қызметкерлері екі мәрте ереуіл ұйымдастырған. Кәсіпорынды 2001-жылғы ашық аукционда сатып алған "Экстрапласт" сауда үйі" кәсіпорынға шикізат беруді доғарды. Сондай-ақ, 2003-жыл бойы 1996-1999-жылдар аралығындағы жалақы берешегі өтелген жоқ. Соның салдарынан кәсіпорынның бүкіл есепшоттары тұтқындалды. Салық комитеті кәсіпорынның берешегі есебінен Пластмасса зауыты ЖШС-нің бірнеше автокөлігін тәркілеп алды. 2003-жылы Пластмасса зауытының меншік иесі айналымдағы қаржысын өсіру және өндірісті дамыту үшін мүлкін кепілдікке қоя отырып, "Нұрбанктен" несие алған. Алайда, берешек дер кезінде өтелген жоқ. Соның салдарынан кепілдікке қойылған мүлік аукционда сатылды.
Кепілдікке қойылған мүлікті сатып алған қазақстандық бір компания сауда-саттық заңдық тұрғыда рәсімделгенге дейін атын атаудан бас тартқан. Мүлікті сатып алу құны да жарияланбай отыр.
Зауыттың жаңа қожайындары кәсіпорын ұжымымен кездесуде қызметкерлер толық құрамда қайтадан жұмысқа қабылданады деп сендірді. 2003-жылы зауыт жұмысшыларының 30 проценті жұмыстан шығарылған болатын. Жаңа қожайын өндірісті биыл іске қосуды көздеп отыр.
2003-жылы зауыт 3749 тонна полистирол өндірген. Бұл 2002-жылғы көрсеткіштің 44,6 процентіне тең. 2004-жылдың қаңтар айында 10 тонна стирол өндірілді (2003-жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 1 процент). 2004-жылдың бес айында 22 тонна өнім шығарылды.
Ақтаудағы пластмасса зауыты ТМД аумағындағы ең ірі зауытқа жатады. Бұл зауыттан шығарылған полистиролдың өзіндік құны Достастық аясындағы зауыт өнімдерінен анағұрлым арзан. Алайда, облыс әкімі Болат Палымбетовтың айтуынша, зауыттың тұрақты жұмыс істеу жағдайын қамтамасыз ету үшін елімізде мұнайхимиясының дамуына мүмкіндік беріп, өндірістің негізгі шикізаты болып табылатын газды тиімді пайдалану қажет.