Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«20 желтоқсан күні - «Бек Эйр» әуе компаниясының Ақтау - Шымкент бағытымен ұшып, одан кейін Алматыға бет алған №Z9-2226 рейсі, қолайсыз ауа райына байланысты, Тараз қаласының «Әлие Ата» әуежайына қонуға мәжбүр болды», - дейді «Әулие Ата» Халықаралық әуежайы» АҚ пиар-менеджері Юлия Егорова.
Оның сөзіне қарағанда, авиатасымалдаушы осы бағытпен Шымкенттен Алматыға ұшуы тиіс жолаушыларды автобуспен жеткізіп салуға шешім қабылдаған.
«Әулие Ата» әуежайы «Бек Эйр» өкілдеріне Тараз әуежайындағы жолаушылардың орналасуы мен тамақтануын ұйымдастыруды ұсынды, бірақ авиатасымалдаушы әуежайдың көмегінен бас тартты», - дейді ол.
Юлия Егорованың айтуынша, Шымкенттен шыққан жолаушылардың жетуін екі жарым сағат күтуге мәжбүр болған жолаушылар наразылықтарын білдірген. Шымкентте екі аптадан бері қалың тұман сейілмей тұр, бұл жайт әуежай қызметіне әсерін тигізуде.
Осы орайда айта кетелік, ҚР «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңына сәйкес, рейс басқа уақытқа ауыстырылғанда немесе кешіккенде авиатасымалдаушы жолаушылардың күтуіне тиісті жағдайларды жасауға міндетті. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әуе компаниясына осы жағдай жөнінен пікір білдіруін сұрап, сауал жолдады.