Ақтаулық алты жасар қызды зорлады деген күдіктінің отбасы елден көшіп кетті

Күдіктінің әйелі күйеуінің педофил екеніне сенбейді. Ал, сот-медициналық сараптама қолдан бұрмаланған дейді ол.

"Менің күйеуім мұндай қылмыс жасады дегенге сенбеймін. Рас, ол 1-ші шағынауданда такси қызметін атқарған. Бірақ, жәбірленген қызбен өмірінде жолығып көрген емес. Украинаға кетпестен бұрын мен онымен жолықтым, өзінің кінәлі еместігін, жала жабылып отырғанын айтты. Күйеуім сол күні клиенттерін жеткізіп тастаған соң, түскі асын ішуге үйге келді. Күдік тудырған әрекеттерін байқаған жоқпын. Көліктің ішінде не қанның іздері, не қыздың шашы болған жоқ. Оның дәлелдерін ешкім растап бере алмай отыр. Ұсталғаннан кейін одан сараптама үшін сынамалар алды. Бірақ, өзге біреудікімен араластырып жіберуі мүмкін ғой", - дейді күдіктінің әйелі Алёна Майданюк.

Ол сондай-ақ, күйеуінің психоневрологиялық диспансерде есепте тұратынын да растап отыр. Алайда, бұл туралы тек 2011 жылы балалары туылғаннан кейін ғана біліпті.

"Мен күйеуіммен 2010 жылы Украинада таныстым. Біз үйленіп, келер жылы дүниеге сәби келді. 2011 жылы оның психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын, бірақ кейін есептен шығарылғанын білдім. Естуімше, оның қояншықпен ауыратын туған ағасы бар. Ол кішкентайында інілеріне зорлық көрсеткен екен. Кейін оны арнайы ауруханаға жатқызып тастаған", - дейді әйел.


Қазір Алёна Майданюк 5 жасар баласымен бірге Украинада. Ол Қазақстанға келіп, сот процесіне қатыспақшы.

Естеріңізге салайық, биыл 27 тамыз күні Ақтаудағы дүкендердің бірінде әжесінің жанында жүрген 6 жасар қызды педофил алдап сыртқа алып шығып, көлігімен саяжайға алып кеткен. Азғын сәбиді зорлап, жол бойына тастап кетіпті. Жәбірленген қыз тірі қалғанымен әліге дейін ес-түссіз Астанадағы ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлер болса оның адам болып кетуі екіталай деп болжам айтуда.