Асыққанда адамды көрмей, көліктерінің дабылын қосып алып жүйткейтін қос басқарма бірін-бірі жұлып жегелі жүр. Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс екенін тірі жан тап басып тауып болмайды. Ашуға алдымен мінген дәрігерлердің дегені мынау: 78 жастағы кейуананың қан қысымы көтерілді деген шақыртумен асығып, тас жолдың қос сызығын қиып кетіпті. Сол мезетте жол сақшысы тоқтатқан.
Айболат Кенжебаев, Ақтау қаласы жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:
- Жол сақшысы біздің бригаданы 45 минут ұстады. Науқас хәл үстінде жатса да хаттама толтырып тұрып алды. Ал сырқаттың қысымы 250-ге жеткен. Ол кісі біз жеткенше дүниеден өтіп кетпегеніне шүкір.
Ал хаттама артынан айыппұл жеткенде дәрігерлердің төбе шашы тіптен тік тұрыпты. Олар жол сақшысы асыққанымызға да, науқастың өмірі қыл үстінде тұрғанына пысқармады дейді. Қос жолақты кескендерінің себебі де жәрдемге жанталасқаннан көрінеді. Ал жол сақшысы басқа пікірде. Жедел жәрдем ешкімге жедел жәрдем жасауға жаныққан жоқ деп отыр.
Нұрәділ Дәулетов, Маңғыстау облысы ІІД жол полиция инспекторы:
- Жол жүру ережесінің 9/2 тармағын бұзып, қарсы бағытқа арналған жолаққа шықты. Оларға қарсы бағытқа шығатын қажеттілік болған жоқ және автокөліктерінің маяктары қосылмаған. Және ол сол пунктке кіріп бара жатты шығып бара жатқан жоқ.
Шу шыққан, артынша ушыққан айғай Ақтауда қазір аспандап тұр. Қаланың қарашаға қызмет қылуы керек қос басқармасы жаға жыртысып әлек. Жол сақшылары жедел жәрдемнің жиі тәртіпті ескермейтінін естеріне салды.
Алайда қос тарап ақтауға емес даттауға мүдделі бір-бірін бүгін. Дәрігерлер ІІД мен облыстық әкімдікке хат жіберген. Және салынған айыппұлды жол полициясы басқармасының қайтарып алуын талап етеді. 9 мың теңге әлі қанша жыр болары беймәлім. Әзірге қос тараптың қол алысып төс қағыстарып татулыққа тартар сыңайы көрінбейді.