-Ақшаны алған мына Фарида Якобовна деген кісі...
Гүлмира Нұрсейітованың қолына Мәскеу экономикалық институтпен арада жасасқан келісім-шарт пен студенттік билеттерді берген де осы кісі. Ол соның сөзіне сеніп, 2013 жылы 3 баласын бірдей оқуға түсірген. Оқу ақысы мен сессияны жабу қызметі үшін арада делдалдық қызмет атқарып жүрген «Гаудеамус» оқу орталығының есебіне 600 мың теңге төлепті. Ал балаларының бұл институтта оқымайтынын осы жылдың оқу ақысын төлеуге келгенде бір-ақ білді.
Гүлмира Нұрсейітова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-ИМЭИ-дің директоры бар. Ширкова Людмила Николаевна деген. Сол кісімен телефонмен сөйлестім. Біз ақша төледік, біз қайтеміз деп едік, «Гаудеамустан» өздеріңіз талап етіңдер, ол ақшаны аударған жоқ деді.
Алданып қалғандар «Гаудеамус» оқу орталығының Ақтаудағы кеңсесіне келді. Алайда аталған орталықтың аты қалғанымен, заты басқа болып шықты.
Ақмарал Жәнібекова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-2-3 жылға төлеп қойған адамдар бар. 1 жоғарғы білім алып, екіншісіне түскендер бар. Жұмыс жасап жүріп оқып жатқандар бар. Қанша адамның үміті үзіліп отыр. Кәдімгі масқара болып отырмыз. Не білім жоқ, не ақша жоқ, не уақыт күйді, ашынып тұрмыз.
Ал ашынған тұрғындардың жалпы саны 200-ге таяу. Мәскеулік білім ордасының жаңа өкілдері оқу орталығы мен институт арасында әріптестік келісім-шарт болғанын жасырмайды. Тек орталық ақшаны өз есебіне емес, институттың есебіне аударуы керек болатын.
Жалғас Мұстафин, Мәскеу экономикалық институтының өкілі:
-Осы уақытқа дейін институт есебіне бір тиын ақша аударылған жоқ. Ал тұрғындар екі жылдан бері оқып жатырмыз деп отыр. Бірақ олардың құжаттары бізде жоқ. Келісім-шарттар мен студенттік билеттер түгел қолдан жасалған.
Арадағы дауды институт өкілдері өзара шешпек болып, орталық басшысы Фарида Антиповадан ақшаны қайтаруды өтіндік, бірақ байланысқа шығуды доғарды деп отыр. Біз Антипованы Оралдан таптық. Бірақ ол ешкімге қарыз емеспін дейді.
Фарида Антипова, «Гаудеамус» оқу орталығының директоры:
-Мен заңды түрде жұмыс істедім. Студенттердің бүкіл құжаттарын Мәскеуге жіберіп отырдым, ақшаны да аудардым. Мұнымды қағаз жүзінде дәлелдей де аламын...
Сондай-ақ, орталық басшысы таяуда Ақтауға келіп, студенттер және ата-аналармен кездесетінін айтты.
-Институт өкілдері оқу орнының беделіне нұқсан келтірді, алаяқтық жасады деп, Фарида Антипованы сотқа бермек. Ал, алданған студенттер болса, істің ақ қарасын ажырату үшін қалалық прокуратуға ұжымдық арыз жазды. Енді оқу орталығы мен институттың қандай байланысы бар, кім-кімге қарыз? Мұны құқық қорғаушылар анықтайтын болады.