«Aqtobe» атауындағы «ө» әрпі қайда деген сұраққа жауап табылды

28 тамызда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиа ресурстарында жаңа маусым басталады. Ребрендинг аясында корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары да өзгертілді. Бұрынғы «Қазақстан – Ақтау», «Қазақстан – Шымкент» деген сияқты атаулардың орнына сол аймаққа тән тарихи атаулар енгізіледі. Мысалы, «Mangystau», «Ontustik», «Saryarka».

Ақтөбе облыстық телеарнасының директоры Ернұр Бурахан

Бүгін Ақтөбе облыстық телеарнасының директоры Ернұр Бурахан «Aqtobe»атауындағы «ө» әрпінің қайда жоғалғанын айтып берді.

«Әзірге «о» әрпіне нүкте қойыла ма, әлде қосымша әріп жалғана ма, белгісіз. Латын әліпбиіне көшкен кезде оны өзгерту еш қиынға соқпайды. Алдымен өзімізден бастайық деп латынша атауды енгіземіз. Халықтың көзі үйрене берсін», — деген Ернұр Бурахан латын әліпбиінің талаптары анықталмайынша «Aqtobe» болып қалатынын жеткізді.

Журналистердің бірі «о» әрпінің орнына шаңырақтың суретін қолдануға кеңес берді. Ернұр Бураханға бұл идея ұнады.


Сондай-ақ, телеарна директоры атаумен қоса телебағдарламалар сапасының артқанын алға тартты. Осылайша, жаңа маусымда «Ахтанов, 54», «Бүк-шік», «Туған жерге тағзым», «Рейтинг», «Вупи-пай» атты жаңа форматтағы жобалар көрермендерге жол тартады.