Ұшу-қону алаңының ашылу рәсіміне ҚР көлік және коммуникация министрінің орынбасары Ерлан Қошанов қатысты.
Үкімет әуежайдың ұшу-қону алаңын жаңалауға 3,1 млрд. теңге бөлді. Бөлінген қаржыға ұшу-қону жолын 100 метрге ұзарту және жолды жағалай орнатылған жарықты дабыл жабдықтарын ауыстыруға мүмкіндік жасалды. Жаңалаудан кейін ұшу-қону жолағының ұзындығы 3,2 шақырым болды.
Сонымен бірге құрылыс жұмыстарының мердігері "К-Дорстрой" және "Элмо" компаниялары қазіргі заманғы метеорологиялық құрал-жабдықтар орнатып, әуежайды электрмен қамтамасыз ету жүйесін жаңалап, әуежай дағы жол төсеніштерінің көтерімділік қабілетін күшейтті. Ол үшін құрылысшылар әуежайда ПАГ-18 маркалы жаңа плиталар төседі.
"Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ-ның президенті Узифолла Ажмолдаевтың айтуынша, осы жолғы жаңалаудан кейін әуежай қазіргі заманғы әуе кемелерінің барлық түрін қабылдай алады. Нәтижесінде әуежайға қонатын түрлі әуе компанияларының ұшақтарының саны артып, кіріс көлемі ұлғая түспек.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақтөбе халықаралық әуежайы 2005-жылғы мамыр айында ұшу-қону алаңының шамалы тозуына байланысты жаңалау үшін жабылған болатын.