«Ақтөбе» футбол клубы Мәскеуде оқу- жаттығу жиынын өткізеді

2010-2011 жылғы Чемпиондар лигасының екінші дәрежелі раундында өткен жылғы Қазақстан чемпионы «Ақтөбе» Грузияның Рустави қаласының «Олимпи» командасымен кездеседі. Алғашқы ойынды Владимир Мухановтың шәкірттері шілденің 14-і күні өз алаңында, ал қарымта ойынды 21-інде сырт алаңда өткізеді.

«Қарсыластарымыз туралы көп мәлімет білмейміз. Өйткені грузин клубтары бірнеше жылдан бері ТМД елдері кубогы турниріне қатыспайды. Грузин футболы жабық. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары да аз жазады. Клуб басшылығы мен облыс әкімдігі ел чемпионатында да, Еурокубок жарысында да бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Әдемі футбол көрсетіп, барлық жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлағымыз келеді», дейді «Ақтөбе» футбол клубы Бас директорының орынбасары Василий Юрченко. Оның айтуынша, қазір ақтөбелік аяқдопшылар қысқа демалыста жүр. Олар енді маңызды кездесу алдында шілденің 2-сі күні Мәскеуде бас қоспақ. Ондағы оқу- жаттығу жиыны кезінде ресейлік футболшылармен 2-3 жаттығу кездесулері өтеді деп жоспарлануда.