Ақтөбеде көше атаулары жазылған тақталар жаңартылып жатыр. Енді QR код арқылы ғимарат, тұрғын үйдегі пәтер иелері кооперативін, учаскелік дәрігер мен полиция қызметкерінің аты-жөнін, жұмыс және ұялы телефонын табуға болады. Сонымен қатар, әр үйде жеке пошталық индекс те жазулы тұрады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Жаңа пошталық индекс, QR код енгізу – пилоттық жоба. Енді кез келген ғимараттағы құпия мәліметтің бәрі штрихкод ішінде сақтаулы тұрады. Қазіргі уақытта «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер мен мектеп, балабақшаға дәл осындай тақта орнатылған. Сонымен қатар, қала ішіндегі оннан астам көшеге жеке пошталық индекс пен штрихкоды бар ақпараттық тақта ілінген. Қалалық әкімдік пен «Қазпошта» АҚ-ның бірлескен жобасы адасқанда пайдалы, әрі туристер үшін жол көрсететін бағдарға айналды.
«Тұрғын үй немесе ғимарат ішіндегі мекемелер туралы ақпарат білгіңіз келсе ғаламтордан арнайы бағдарламаны көшіріп аласыз. Іске қосып, кодты суретке түсіресіз. Сол кезде тұрғын үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі, учаскелік полиция мен учаскелік дәрігер туралы мәлімет тізімі шығады. Олардың жұмыс, ұялы телефондары да бар. Сонымен қатар, нысанға жақын балабақша мен мектеп атауы, байланыс телефондары шығады. Қоғамдық көлік туралы мәлімет те бар», – дейді «Қазпошта» АҚ АОФ директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай.
Жаңа тақтаны жасап шыққан дизайн студия мамандарының айтуынша, көлемі мен ақпараттық мүмкіндігіне қарай белгі құны 900 теңге мен 2 мың теңге аралығында.
Айта кетейік, ақпараттық тақта Ақтөбе қаласының бас даңғылдары мен көшелеріне ілінеді. Сайтқа қажетті ақпаратты әкімдік дайындап беріп отыр. Егер тұрғындардың өтініш-тілегі, арызы болса, дәл осы сайт парақшасына жаза алады. Айта кетейік, еліміз бойынша жаңа тақта әзірге тек Астана қаласында бар. Пилоттық жоба Ақтөбеде жалғасты.