Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы бір отбасында үш егіз нәресте дүниеге келіп, отбасына бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер көрсетілетін болды

19-ақпанда аудан орталығы - Қандыағаш қаласының тұрғыны Мейрамгүл Нұрбаева салмақтары 2 килоны құрайтын торсық шеке екі ұл мен бір қыз баланы дүниеге әкелді. Әйел өзінің үш бірдей егіз бала көтеріп жүргенінен бейхабар болған.

Нұрлан Сейітқамаловтың айтуынша, Мұғалжар ауданында бұрын-соңды үш егіз туылмаған. Осыған байланысты әкімшілік жас ата-ананы айрықша қамқорлыққа алуға шешім қабылдады. " 10 ай мерзіммен коммуналдық қызметтер төлемінен босатумен бірге Нұрбаевтар отбасы үшін балалардың бағым-күтіміне қолғабыс жасайтын әлеуметтік қызметкер тағайындамақпыз",- деді әкім. Аудандық әлеуметтік қорғау қызметі отбасының тұрғын үй ахуалын тексеріп көреді. "Қажетті жағдайда отбасына жеке пәтер бөлінеді",- деп сендірді аудан әкімі.