Ақтөбе облысында ауру мал жаппай сойылып жатыр

Малмен жан бағып отырған Әлия ауылы тұрғындарынан бірнеше күннен бері маза қашқан. Қазір қорасындағы мүйізді ірі қарасы мен ұсақ малын етке өткізуге мәжбүр. Өйткені бір апта бұрын бұзаулардың сілекейі ағып, ыстығы көтерілген. Артынша осындай белгілер сиырлардан да байқалыпты.

Төлеген Шыниев, Әлия ауылының тұрғыны:

-Көбік атады аузынан. Қығындайды. Алты бас малым кетті. Төрт тауықпен қалдым. Төрт тауықпен бала-шағамды баға алам ба?

-Әлия ауылының тұрғындары қызыл көлік көрсе қарадай қорқады. Өйткені ауру малды сонымен тасып жүр. Қазір бұл ауылда төрт жүзге тарта мал пышаққа ілініпті.

Індет таралмас үшін жайылымдағы барлық Зеңгі баба тұқымын жоқ қылу туралы ветеринарлар шешім шығарған. Алғашқыда бұған тұрғындар қарсы болыпты. Кейін өтемақыға келісіп, оны ет комбинаты есебінен төлеп жатыр.

Болат Құлов, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:


-Бұл мал қайта өңдеуге жатады деп мамандар біздерге айтып жатыр. Осы мақсатта облыстағы өңдеу мекемелерімен келісіп, осылар келіп тірілей, еттей келісін 900 теңгеден алып жатыр.

Әлия ауылының малына тиген қандай ауру екенін мамандар айта алмай отыр. Әзірге сынамаларды Астанаға жөнелтіпті.

Темірбек Нұртазин, Ақтөбе облысы аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы:

-Біздер өзіміздің күмәніміз болды. Екі ауру бар деп ойладық. Пастереллёз бен лестериоз. Енді соны дәлелдеп айтамыз лабораториядан кейін .

Мамандар белгісіз мал ауруының адамға қаупі жоқ екенін айтады. Сондай-ақ, басқа жайылымдардағы сиырларға жаппай екпе салып жатыр. Ал карантин жариялаудың қажеттілігі сынама қортындысы келген соң ғана белгілі болмақ.