Облыста жаппай егу шаралары 2007 жылдың 1 қаңтарында басталып, наурыздың 15 таман аяқталуы тиіс еді. Осы аралықта вакцина 40 мың адамға егілуі керек болатын. "Алайда бүгінгі таңда облыста дифтерияға қарсы вакцина 19 мың ғана немесе 46,1 % адамға егілді",-деді облыстық мемлекеттік санэпидемиологиялық бақылау департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы Клара Омарова.
Дәрігерлердің айтуынша, бұған халықтың егуге келмеуі себеп. "Адамдар жұмыста немесе олар тіркеу журналында көрсетілген мекен-жайда тұрмайды",-деп түсіндірді К.Омарова.
Ал Қобда, Мәртүк, Қарғалы аудандарының халқы белсенділік танытып отыр. Мұнда халықтың 75 % егілген. Дәрігерлер дифтерияның зардабы қиын болатынын ескертеді. "Кей жағдайда оған шалдыққан ауру кемтар болып қалады, ал кейде тіпті өлімге де апарып соғады",-дейді К.Омарова.
Кейінгі рет Ақтөбе облысының халқын осы ауруға қарсы жаппай егу шарасы 90 жылдардың соңында өткен. Ол кезде бұл ауруға жиырмаға жуық адам шалдыққан болатын. Ал иммунитет көтеру шарасынан кейін дертке шалдыққандар кездеспеген. Кейінгі кезде Солтүстік Қазақстан облысында анықталған дифтерияға шалдығу оқиғасы мен егу шараларының мерзіміне байланысты бұл мәселе қайта күн тәртібіне көтеріліп отыр.",-деді Омарова.
2007 жылғы Ақтөбе облысындағы егу шаралары үшін республикалық бюджеттен 42 млн теңге қаржы бөлінген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті