Ақтөбе облысында кәмелеттік жасқа толмаған 129 жас жеткіншек профилактикалық тіркеуге алынды

Департаменттің баспасөз қызметінің инспекторы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, акция барысында 577 жасөспірім полиция бөлімшелеріне әкелінген. Оның 78-і спирттік ішімдіктерді ішкені үшін жеткізілген.

"Сонымен қатар, біз 153 жеткіншекті әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Сабақтан қашып жүрген 9 жасөспірімді анықтадық және 71 ересек адамға қатысты әкімшілік іс қозғадық", - деп хабарлады Е. Сарқұлов.

Атап айтқанда, бала тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндетінен қашқақтап жүрген 55 ересек адамды полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кәмелеттік жасқа толмағандарды мастыққа дейін жеткізген екі ересек адамды ұстады, жасөспірімдерге темекі және алкогольдік өнімдерді сатқан 9 сатушыға айыппұл салды.

Полиция қызметкерлері профилактикалық тіркеуде тұрған 900-ден астам кәмелеттік жасқа толмағандарға кіріп шыққан. Олардың ішінде 49 токсикомен (уытқұмар) мен наркологиялық тіркеуде тұратын 71 жеткіншек бар.