-Ақтөбеде ақ түтек боранның арты жаңбырға ұласып, жолдардың барлығы көктайғаққа айналған. Қазір бұл жерде тіпті сырғанауға да болады.
Көлікпен қаладан шығуға тыйым салынды. Енді жүргізушілер діттеген жеріне жете алмай, жол бойында иіріліп тұруға мәжбүр.
Сезер Әбдурахим, көлік жүргізуші:
- Ақтауға баруым керек. Білмейміз қалай болады, қашан ашады. Бұл жолда машинамыз қатып қалады. Солярка қатып қалады. Бізге жәрдем берсін.
Жол бойын таңатқалы тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Жұрттың көбі ескертуді елемей, жолға шыққылары келеді дейді олар.
Берік Ақбазаров, Ақтөбе облыстық ӘПБ инспекторы:
-Көктайғақ жол деген. Көріп тұрсыздар өздеріңіз де. Құдай қаласа ашамыз. Соны күтіп отырмыз.
Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының түйісетін жолында 20-дан астам көлік кешелі бері қаңтарылып тұр. Айдалада қалған жүргізушілер жол жабылмай тұрып шығып кеткен. Енді мұз басқан шағын өрден өте алмай, көмекке шақыруда. Құтқарушылар онда жете алмай жатқандарын айтады. Дегенмен көк мұздан көлігі тұрып, далада қалған 94 адам құтқарылыпты.
Нұртай Сертаев, Ақтөбе облыстық автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы:
-Қазір 125 тонна интертті материал жұмсалған. Оның ішінде 10 тонна айснелтроагентті. Проблемалық учаскелер қазіргі таңда Хромтау ауданында. Хромтау- Батамша екі арасындағы аралық және Родниковка-Қаратоғай арасы.
Ақтөбеде тайғақтан көлік түгілі жаяу адам әрең жүреді. Таң атқалы бері көк мұзға тайып жығылып жарақат алған ондаған адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Қазір бұл аймақтан ұшақ та ұша алмай жатыр. Себебі халықаралық әуежайдың ұшу алаңы да көк мұз. Соның кесірінен бірнеше рейс жолынан қалды.
Loading...