Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Аймақтағы митингтер кезінде ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап тұрды. Соның ішінде Ақтөбе мыс компаниясы, "Қазхром" мен "СПНС-Ақтөбемұнайгаз" бар. Наразылық акциялары басталғаннан кейін арнайы комиссия құрылған болатын.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Қамбаровтың айтуынша, ірі кәсіпорындар 2-3 күндей жұмыс істемей тұрған. Соның өзі экономикалық көрсеткіштерге біршама әсер етті. Жұмысшылар жолды жапқаннан кейін көлік қатынасы мен жүк тасымалы тоқтады.
"Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы дау-дамай шектен шығып кетті. Адамдар темір жолды және тас жолды жаба бастады. Ондай жағдай кәсіпорындардың жұмысына ғана емес, жалпы, теміржол мен көлік қатынасына кері әсер етті. Қалалар арасындағы қатынас тоқтап қалды. Мәселен, Самара-Шымкент тас жолында Хромтауға жақын жерде үлкен кептеліс болды", - дейді Қамбаров.
Бұдан бөлек, митингке қатысушылар Ақтөбе - Астрахань, Қарабұтақ - Қостанай, Қандыағаш – Ембі тас жолдарын жауып тастады. Наразылық білдіруші топ жалақыны көтеруді талап етті.
"Осы айдан бастап 25 мың жұмысшының жалақысы орташа есеппен 25 процентке өседі. Ақтөбе мыс компаниясы, "Коппер Технолоджи" мен "Қазгеоруд" бар, ол жерде, шамамен, екі мың адам істейді, жалақы 20 проценттен 50-ге дейін көтеріледі. Аймақтағы ірі мұнай компаниясы - "СПНС-Ақтөбемұнайгазда" 25 процентке, ал "Қазхромда" жалақы 10 проценттен 35-ке дейін артады", - деді әкімнің орынбасары.
Қамбаров басқа компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатқанын да жеткізді.