Ақтөбе облысында полицейлер оқушының жоғалуына оның ата-анасын айыптаған

Тәртіп сақшылары мен еріктілер тобы 15 жасар Леонид Ищенко тұратын Хромтау ауданының барлық жерін сүзіп шығыпты. Тіпті жасөспірімнің неліктен хабарсыз кеткеніне қатысты жорамал да жоқ. Ұлының жолын тосып отырған ата-анасы болса полиция қызметкерлерінен қысым көргенін айтады. Тергеушілер баланы өздерің өлтіріп, жасырып отырған боларсыңдар деген көрінеді. Бірақ мұны ішкі істер органындағылар мойындаған жоқ - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Хромтау қаласында тұратын Ищенко отбасының жалғыз ұлы Леонидтің жоғалғанына жиырма күнге жуықтады. Сол уақыттан бері ата-анасы есік сықырлаған сайын хабар күтіп, алаңдап отыр. Оның үстіне полициядан қысым көрдік дейді. Тәртіп сақшылары баланың ата-анасын айыптап отырған көрінеді.

Анатолий Ищенко, Леонид Ищенконың әкесі:

-Әйеліміз екеумізді ұлдарыңды өздерің өлтіріп, суға ағызып жібергенсіңдер деп айыптады. Енді дым білмегендей арыз жазып, шатастырып отырған түрлерің ғой деді. Қылмыстарыңды мойындаңдар деп шықты. Міне, тәртіп сақшыларымен тергеу осылай өтті.

15 жасар оқушының ата-анасы анда-санда ащы судан ұрттайтындарын жасырмайды. Жоғалар күні таңсәріде басын жазбақ болған әкесімен Леонид сөзге келген. Тәртіп сақшылары да осы себепке байланысты алғашқыда олардан жауап алғандарын айтады. Бірақ ешқандай қысым көрсетпедік деп отыр.


Ардагер Уайдин,Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Осы істің шеңберінде әртүрлі версиялар қарастырылды. Сол нұсқалардың бірі ретінде полицейлер Леонидтің ата-анасынан да секем алған болатын. Алайда бізді мәжбүрледі деген сөздің шындыққа жанаспайтындығы, қылмыстық іс ата-анасының үстінен емес, жалпы осы дерек бойынша қозғалды. Ищенконың ата-анасы бұл қылмыстық істе күдікті ретінде өтіп жатқан жоқ.

Леонид Ищенконың іздеп тәртіп сақшылары мен еріктілер тобы Хромтау ауданындағы барлық аулалар мен шатыларды тінтіп шығыпты. Тіпті қала іргесіндегі шахталардан да іздеген. Бірақ оның әзірге табылар түрі жоқ. Оны көрдім-білдім деген де адам кездеспей отыр