Ақтөбе облысында қытайлар жолды жауып тастады

Мына жатқан Кеңқияқтан Ембіге қатынайтын жолдың бойында қытайлық инвесторлардың мұнай зауыты орналасқан. Олар енді мемлекетке тиесілі жолдың 23 шақырымын меншіктеп, өз бақылауларына алыпты. Тас жолдан көлікпен өту үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаздан» мөр басқан рұқсат құжат қажет. Тіпті сол маңдағы Қожасай ауылына жетуге де транзиттік жолдама сұрайды екен. Оған мөр басатын да қытайлық инвесторлар.

Шәпи Қалиасқар, Ақтөбе облысының тұрғыны:

-Шекарадан өткендей боламыз Қытайдың. Өз елімізде жүре алмаймыз. Мына пропускіде отырған жігіттердің түсінігі жоқ ешқандай. Шаш ал десе бас алады. Оның бәрі болмайды ғой. Заңдастыру керек.

Жаңажол кен орнында «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» кәсіпорындарынан да басқа мекемелер бар. Ондағылар да өз жұмыс орындарына жету үшін қытайлардан рұқсат алады. Тіпті, алпауыт мұнай компаниясы бір көлікті өткізу мың теңге сұрайды екен.

Кенжетай Тлеумағанбетов, Ақтөбе облысының тұрғыны:

-Егер рұқсат алмасаң бұл жерден өте алмайсың. Жұмысымызға соның кесерінен жете алмадық. Бізге мемлекеттің жолы үшін ақша төле дейді. Жеңіл көлікке 200 мыңнан, жүк көлігіне 300 мыңнан шығады. Бұл деген барып тұрған сорақылық қой.

Мұнай компаниясындағылар бақылау бекетін қауіпсіздік үшін қойғандарын айтады. Ал мемлекет меншігіндегі жолды жалға алдық деп отыр. Тек олардың бұл уәжін жергілікті шенеуніктер жоққа шығарды.


Дастан Аманов, Ақтөбе облыстық автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы:

-Мына тұрған жолымыз облыстың жолы. Енді былай айтқанда СНПС Ақтөбемұнайгаз шлагбаум қойғаны заңсыз.  Прокуратура мен біздің мекемемізбен  ұсыныс берілді. Мына шлагбауымды алып тастау керек деп.

-Аймақтағы мұнай алпауыты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына прокурорлардың да тісі батпай отыр. Мына өткізу бекетін жоқ қылу туралы олар сан мәрте ескерту жасаған. Бірақ қытайлық инвесторлардың оны орындайтын түрі жоқ.