Қорымнан табылған кітап парақтары ескі араб тілінде жазылған. Қағаз беттері әбден сарғайғанымен, төте жазу анық көрінеді. Жәдігер иесі кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннен бой тасалау үшін кітапты қабір басына жасыруы мүмкін деген жорамал бар. Облыстық мешіт имамдары бір бумаға оралған қағаздарды төрт түрлі кітап деп отыр. Бірі ислам шариғаты туралы жинақ болса, екіншісі араб тілінің әліпбиі болуы мүмкін. Қалғанының мән-мағынасы мен баспадан шыққан уақыты білікті мамандар зерттегеннен кейін белгілі болады.
«Хромтау ауданының «Нұр» мешітінің бас имамы кітапты қарап шығып, оның Құранның өзі емес, бірақ арабша жазылған шариғаттың заңымен өмір сүрудің салтын түсіндіретін фикх кітабы болуы мүмкін екенін айтты. Және бұл бір емес төрт кітап болып шықты. Осының ішінде біреуі грамматика деп айтты», - дейді қала тұрғыны Серік Әбдіжәми.
Тиісті зерделеу жұмыстары аяқталған соң құнды жәдігер облыстық музейдің «Руханият» көрме-залына қойылады.